Түркия Республикасындағы президенттік сайлаудың екінші кезеңі
2023 ж. 28 мамыр
Түркия

Әзербайжан мен Қазақстан парламентшілерінен, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдерінен тұратын ТҮРКПА Сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы 2023 жылғы 28 мамырда Түркия Республикасында өткен президенттік сайлаудың екінші кезеңіне қысқа мерзімді мониторинг жүргізді. Миссияны Әзербайжан Республикасының Милли Меджлисі Денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы және ТҮРКПА Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау комиссиясының Төрағасы Ахлиман Амирасланов басқарды. Сайлау күні Миссия мүшелері дауыс беру процесін бақылау үшін Анкара мен Кония қалаларындағы сайлау учаскелеріне барды. ТҮРКПА бақылаушылары дауыс беру барысын бақылап, сайлаушылармен, жергілікті бақылаушылармен және сайлау учаскелерінің лауазымды тұлғаларымен әңгімелесті.

Жоғарғы сайлау кеңесі (ЖСК) сайлаушылардың сайлауға қатысуы шамамен 85,70% құрады деп хабарлады. ЖСК президенттік сайлаудың екінші турының алдын-ала нәтижелерін жариялап, Реджеп Тайып Ердоған мырза сайлауда шамамен 52,14% дауыспен жеңіске жеткенін хабарлады.

Миссия 29 мамырда өзінің бақылауының алдын-ала нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Миссия сайлаудың ашық және демократиялық жағдайда, сайлаушылардың жоғары қатысуымен өткенін атап өтті. Ол сайлау әкімшілігінің органдары сайлаудың екінші кезеңіне дайындықты тиімді және кәсіби түрде өткізгенін, мерзімдерді сақтай отырып, олардың мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың сайлау құқығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын жоғары бағалағанын атап өтті.

Жалпы дауыс беру процесі бақыланған сайлау учаскелерінде оң бағаланды. Миссия барған сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімдері сақталғанын және дауыс беру құпиясы сақталғанын, ал жергілікті бақылаушылардың болуы ашықтықтың жоғары деңгейін қамтамасыз еткенін атап өтті.

Миссия 2023 жылдың 28 мамырында өткен Түркия Республикасындағы президенттік сайлаудың екінші кезеңі Түркия Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық сайлау стандарттарына сәйкес өткізілді деген қорытындыға келді.