ТҮРКПА заң шығару саласына арналған дөңгелек үстелге қатысты
2024 ж. 19 наурыз

2024 жылғы 19 наурызда Бас хатшының орынбасары Талғат Адуов Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығы Астана қаласында ұйымдастырған «Заң шығару саласы: трансформация және жаңа бағдарлар» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Іс-шараға депутаттар, сарапшылар, ғылыми қоғамдастықтың, даму институттары мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Алғы сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат қазақстандық қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау үшін қажетті құқықтық инфрақұрылымды қалыптастырудағы заң шығару тармағының маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар әртүрлі тарихи кезеңдердегі жоғары заң шығарушы органды институттандырудың негізгі мәселелерін, бүкіл қоғамдық-саяси жүйені жаңғырту процесінде Қазақстандағы парламентаризмнің даму перспективаларын, сондай-ақ «Құқықтық тәртіп» принципін құқықтық қамтамасыз етудегі өкілді органдардың рөлін талқылады.

Дөңгелек үстелде Бас хатшының орынбасары Талғат Адуов те баяндама жасады. Адуов мырза іс-шараға қатысушыларды ТҮРКПА қызметі туралы хабардар етті. Ол Түркі мемлекеттерінің тұрақты әлеуметтік-саяси дамуы жағдайында заң шығарушы билікті трансформациялау мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Түркі ынтымақтастығының парламенттік өлшемі ретінде ТҮРКПА-ның Түркі әлемінде парламентаризмді сапалы түрде нығайту және саяси диалогты дамыту бойынша маңызды миссиясын атқарғанын атап өтті.