Бішкекте Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның семинары өтті
2024 ж. 18 сәуір

2024 жылғы 18 сәуірде Бішкекте Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің ұйымдастыруымен «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде сауда-экономикалық байланыстарды өзара нығайтуды қамтамасыз ететін тетіктер ретінде сауда өкілдіктері және оларды тиімді қолдану мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 11-ші отырысы аясында ұйымдастырылған Семинарға ТҮРКПА-ға мүше елдердің парламентшілері, сарапшылары, мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында Комиссияның Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев (онлайн форматта), Комиссия төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Султанбекова және ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр сөз сөйледі.

Семинар барысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Аппараты Экономикалық заңнама департаменті Мүліктік құқық секторының меңгерушісі Надир Султанов, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда-экономикалық даму департаменті директорының орынбасары Меруерт Әбдіғалиева (онлайн форматта), Қырғыз Республикасы Сауда және өнеркәсіп палатасының Вице-Президенті Толкунай Таалайбекова, Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысы ТҮРКПА парламенттік тобы Хатшылығының Сыртқы істер және Хаттама бөлімінің заң шығару мәселелері жөніндегі маманы Ержан Дурдулар баяндамалар жасап, Қырғыз Республикасы Экономика және сауда министрлігі жанындағы «Қырғыз экспорты» экспортты ілгерілету және дамыту орталығы директорының орынбасары Тилек Жумалиев пен Түркия Республикасының Бішкектегі Елшілігінің Сауда бойынша кеңесшісі Хюсейн Коч презентацияларымен бөлісіп, өз елдеріндегі сауда өкілдіктерінің жүйесі туралы ақпарат берді. Қатысушылар мүше елдердің сауда-экономикалық қатынастарын жетілдіру үшін сауда өкілдіктерінің қолдану тетіктері бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Комиссия хатшысы Бауыржан Датқаев модераторлық еткен семинар қорытынды бағалаумен аяқталды.