Wednesday, 01 December 2021, 14:13:19 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Түркі әлемінің рухани астанасында ТҮРКПА-ның X пленарлық отырысы өтті

2021 жылдың 28 қыркүйегінде Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастыруымен ТҮРКПА-ның X пленарлық отырысы өтті. Отырыстың тақырыбы «Түркі парламентаралық ынтымақтастығының көкжиегі» болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және ТҮРКПА-ның Іс басындағы Төрағасы Нұрлан Нығматулин мырза кіріспе сөз сөйледі. ТҮРКПА-ға мүше парламенттердің басшылары – Әзербайжан Республикасы Меджлисінің Төрайымы Сагиба Гафарова ханым, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытов мырза, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Мұстафа Шентоп мырза, сондай-ақ бақылаушысы ретінде Венгрия Ұлттық Жиналысы Спикерінің бірінші орынбасары Марта Матрай ханым, қонақ ретінде Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Заң шығару палатасы Спикерінің орынбасары Ұлықбек Иноятов пленарлық отырыста сөз сөйледі. Іс-шараға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сияқты Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығының Парламенттік Ассамблеясы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің Парламенттік Одағы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенімді нығайту шаралары жөніндегі Кеңесі сияқты парламенттік делегациялардың және бақылаушы ұйымдардың, Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университеті, «Манас» Қырғыз-Түрік университеті және басқа да мекемелердің өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде құқықтық құжаттардың жобаларын, тұрақты комиссиялардың баяндамалары мен ұсынымдарын қарау және қабылдау, «Кинематографияға және дыбыс-бейне туындыларды шығаруға шетелдік инвестицияларды тарту туралы», «Кинематография туралы», «Электрондық саудатуралы», «Энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану және энергия тиімділігі» үлгілік заңдарының жобаларын қабылдау болды.

Парламент мүшелері – Исмет Учма мырза (Түркия), Рыскелді Момбеков мырза (Қырғызстан), Әмірхан Рахымжанов мырза (Қазақстан) және Ахлиман Амирасланов мырза (Әзербайжан) ТҮРКПА тұрақты комиссиясының төрағалары болып, ал Сауытбек Әбдірахманов мырза (Қазақстан), Низами Джафаров мырза (Әзербайжан), Салайдин Айдаров мырза (Қырғызстан) және Реджеп Шекер мырза (Түркия) төрағаның орынбасарлары болып сайланды.

Пленарлық отырыста ТҮРКПА Бас хатшысы болып Мехмет Сурея Эр мырза сайланды. Сессия барысында Бас хатшының орынбасарлары болып Фуад Алекперов және Талғат Адуов мырза сайланды.

ТҮРКПА-ның келесі он бірінші пленарлық сессиясын 2022 жылы Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды. Сессия Түркістан Декларациясын қабылдаумен аяқталды.

Жалпы отырыстан кейін баспасөзге арналған брифинг өтіп, оның барысында парламенттік делегациялардың басшылары X пленарлық отырыстың қорытындысын шығарды.

ТҮРКПА-ның Кезекті Төрағалығы
ТҮРКПА-ның іс басындағы Төрағасы