Қазақстан Республикасының Парламенті

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депуттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Мәжіліс тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Мәжілістің алпыс тоғыз депутаты – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша, жиырма тоғыз депутаты бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Мәжіліс сайлаған Төраға басқарады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.