Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия өзінің он бірінші отырысын өткізді
2024 ж. 19 сәуір

2024 жылғы 19 сәуірде Бішкекте Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің ұйымдастыруымен «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің сауда өкілдіктері: ұлттық экономиканы нығайту және бірлескен экономикалық ынтымақтастыққа үлес қосу» тақырыбында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның он бірінші отырысы өтті.

Отырыс Комиссияның Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевтың (онлайн форматта) төрағалығымен өтті. Ашылу салтанатында Комиссия төрағасы Анас Баққожаев және Комиссияның басқа да мүшелері – Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаттары Агалар Валиев пен Фазил Мустафа, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов (онлайн форматта), Комиссия төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Султанбекова, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаттары Махмут Назырлы мен Харун Өзгюр Йылдызлы және Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр сөз сөйледі. Комиссия мүшелері сөз сөйлеген соң күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, отырыстың негізгі тақырыбы бойынша пікір алмасты.

Комиссия 2024 жылғы 6 маусымда Әзербайжанның Баку қаласында өтетін ТҮРКПА-ның он үшінші пленарлық отырысында ұсынылатын Комиссия шеңберінде әзірленген «Сауда өкілдіктері туралы» мен «Айналысқа шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының негіздері туралы» модельдік заңдар жобаларымен бірге отырыстың негізгі тақырыбы бойынша есеп пен ұсынымдарды талқылап, мақұлдады. Түркі мемлекеттері ұйымының Астанада өткен 10-шы Саммиті барысында ұсынылған Түркі елдерінің стандарттары мен терминологиясын жүйелейтін «Айналысқа шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының негіздері туралы» модельдік заң жобасын Комиссия отырысында ұсыну үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев баяндама жасады.

Комиссия келесі отырысын 2025 жылы Түркияда «Энергетикалық қауіпсіздік экономиканың тұрақты дамуының факторы ретінде» негізгі тақырыбы бойынша өткізу және 2025 жылғы Комиссия жұмысының жоспары шеңберінде 2023-2028 жылдарға арналған Стратегиялық жол картасында белгіленген модельдік заңнан бөлек «Көлікті, шекараларды және кедендік рәсімдерді цифрландыру туралы» модельдік заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады.