Әзербайжан СІМ Нахчыванда Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырды
2023 ж. 6 мамыр

2023 жылғы 6 мамырда Бас хатшы Мехмет Сүрейя Эр Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Нахчыван қаласында Әзербайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырған іс-шараларға қатысты.

Іс-шараларға 80 елден 140 дипломат пен әскери атташе және Баку мен Анкарада резиденциясы бар Әзербайжанда аккредиттелген 23 ұйымның өкілдері қатысты. Қатысушылар Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің ескерткішіне және Гейдар Әлиевтің мұражайына барып, Гейдар Әлиевтің өмірі мен шығармашылығына байланысты фотосуреттер мен экспонаттармен танысты. Қонақтарға Гейдар Әлиевтің саяси қызметі туралы толық ақпарат беріліп, оның отбасына, балалық және жастық шағына арналған стендтер, Нахчыван Автономиялық Республикасының Жоғарғы Жиналысының Төрағасы болған кезеңге қатысты құжаттар мен материалдар ұсынылды. Мұражай кітапханасында Гейдар Әлиевтің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін журналдар, альбомдар мен кітаптар, фильмдер мен газет материалдары ұсынылды. Сапар аясында қонақтар «Гейдар Әлиев және Әзербайжанның сыртқы саясаты» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Сөз сөйлеу барысында шетелдік қонақтарға Әзербайжанның орнықты дамуы жолындағы ұлы көшбасшының өмір жолы мен тынымсыз қызметі туралы толық ақпарат берілді, сондай-ақ Гейдар Әлиевтің Әзербайжанның мемлекеттілігі мен даму тарихындағы рөлі атап өтілді.

Іс-шара аясында ұлттық көшбасшыға арналған бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара Нахчыван мемлекеттік университетінің симфониялық оркестрінің орындауындағы концертпен аяқталды.

Сапар барысында қонақтар қаланың мәдени, тарихи және туристік көрікті жерлерімен танысты.