ТҮРКПА Референдумын бақылау миссиясы Өзбекстандағы Конституциялық референдумды бақылады
2023 ж. 30 сәуір

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шақыруы бойынша және өз мандатына сәйкес құрамында Әзербайжан, Қазақстан және Түркия парламентшілері, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығы өкілдері болатын ТҮРКПА Референдумды бақылау миссиясы 2023 жылғы 30 сәуірде өткен Өзбекстандағы Конституциялық референдумға қысқа мерзімді мониторинг жүргізді.

Миссия өзінің бақылау бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Зайниддин Низамходжаевпен кездесу өткізді.

Миссия Өзбекстанда референдум ұйымдастыруға және өткізуге арналған құқықтық базаны, сондай-ақ референдумға ұсынылған Конституциялық түзетулер жобасын қарастырды.

Конституцияға түзетулер жобасы көптеген ұсыныстарды өңдеу негізінде Конституция мәтінінің 65% жаңартуды көздеді. Осы тұрғыда түзетулер жобасы Конституцияның жаңа редакциясы ретінде референдумға шығарылды және 2023 жылғы 30 сәуірде «Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» Өзбекстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы бойынша референдум өткізу туралы шешім қабылданды.

Түзетулер жобасы, атап айтқанда, Өзбекстанның құқықтық мәртебесіне, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы кеңейтілген ережелерге, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне, халықтың денсаулығын сақтауға, экологиялық құқықтарға, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарына, мәжбүрлі еңбекке тыйым салуға, жеке меншікке қол сұғылмаушылық кепілдіктеріне, президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуға, сот билігінің тәуелсіздігінің кепілдіктерін нығайтуға қатысты болды. Жоба сонымен қатар парламентаризмді одан әрі нығайтуға және Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуге байланысты түзетулерді қамтыды.

Референдум күні Миссия мүшелері Ташкенттегі сайлау учаскелеріне барып, дауыс беру процесін барлық кезеңдерде, соның ішінде сайлау учаскелерін ашу мен дауыстарды санауды бақылады. Миссия дауыс беру барысын бақылап, сайлаушылармен, сайлау учаскелерінің шенеуніктерімен және жергілікті бақылаушылармен сөйлесті. ТҮРКПА бақылаушылары бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді.

1 мамырда Миссия бақылаудың алдын-ала нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Миссия барған сайлау учаскелеріндегі жалпы дауыс беру процесін оң бағалады.

Миссия референдум өткізу жөніндегі органдар ресурстармен жақсы қамтамасыз етілгенін және референдум өткізуге кәсіби дайындалғанын атап өтті. ОСК-ның төменгі тұрған комиссияларды оқыту, дайындық процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың кедергісіз және тәуелсіз қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша референдум өткізу жөніндегі органдар қабылдаған шараларды жоғары бағалады.

Миссия Өзбекстан Республикасында 2023 жылғы 30 сәуірде өткен Конституциялық референдум Өзбекстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді деген қорытындыға келді.