ТҮРКПА-ның Құқықтық істер және халықаралық қатынастар комиссиясының бесінші жиналысы
2016 ж. 17 мамыр
Анкара

Кибернетикалық қылмысқа (киберқылмыс) бірлесе қарсы тұру және осы саладағы ұлттық заңнамаларды жетілдіру мәселесі ТүркПА-ның Анкара қаласында 17-18 мамырда Құқықтық істер және халықаралық қатынастар комиссиясының кезекті бесінші жиналысында талқыланды.

Іс-шараға комиссия төрағасы, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, Түркия-Қазақстан парламенттік достық тобының жетекшісі Халүк Ипек төрағалық етті.

Қазақстаннан барған парламенттік делегацияның құрамында Парламент Мәжілісі депутаты Нұрлан Дулатбеков пен сенатор Бақтыбай Шелпеков болды.

Жиын күн тәртібінің негізгі тақырыбы «Киберқылмыспен күрес: мүше елдер арасында заңнамалық шеңбер мен әрекеттестікті дамыту» деп аталды. Пікірталас кезінде мүше елдерден келген парламентарийлер киберқылмыстың қауіптің жаңа түрі екенін және онымен күрес жолдарын арнайы зерттеу қажеттігін айта келе, ТүркПА елдерінің бұл істе қоян-қолтық әрекеттесуінің маңызды екенін тілге тиек етті.

Қазақстан тарабынан сөз алған депутат Н.Дулатбеков Қазақстан Республикасында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық кодекстің енгенін және бұл құжаттың жаһандану үрдісі тереңдеп бара жатқан қазіргі кезеңдегі қоғамдық қатынастарды реттеудегі маңызын және оның киберқылмыс мәселесін де қамтитынын кеңінен айтып өтті.

Жиналыс барысында осы мәселе бойынша Ассамблеяның пленарлық сессиясына ұсынылатын комиссия баяндамасы мен ұсыныстарының жобалары талқыланып, мақұлданды.

Аталған мәселелерден басқа ТүркПА хатшылығының қаржы ережесі мен ТүркПА-ның «Еңбегі үшін» медалінің ережесінің жобалары талқыланды. Сенатор Б.Шелпеков хатшылықтың қаржы ережесін қарастырғанда басқа халықаралық және түркітілдес елдер ынтымақтастығы ұйымдарының тәжірибесін ескеруді ұсынды.