ТҮРКПА-ның Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының үшінші жиналысы
2017 ж. 22 маусым
Астана

ТүркПА Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының үшінші жиналысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 22 маусымында Астанада өтті.

Іс-шараның басты тақырыбы «ТүркПА-ға мүше елдердегі балама энергия көздерінің дамуы» деп аталды. Іс-шараның мақсаты энергияның балама және жаңаратын көздеріне арналған ЭКСПО-2017 Астана халықаралық көрмесінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету болды.

Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядан келген депутаттар, тиісті министрліктер мен түркі ынтымақтастығы институттарының өкілдері жиналысқа қатысты.

Жиналысты ТүркПА Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының төрағасы, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжлисінің Денсаулық комитетінің

төрағасы Әһлиман Әмирасланов жүргізіп отырды. Жиында ашу кезінде сөйлеген сөзінде Әмирасланов мырза ЭКСПО-2017 Астана маманданған көрмесінің маңызыны кеңінен тоқталды. Оның пікірінше, осындай маңызды халықаралық көрменің Астанада өтуі - Қазақстанның өз дамуындағы табыстарының жарқын көрінісі. Төраға ТүркПА-ға мүше елдердің осындай ауқымды іс-шараның Қазақстанда өтуін мақтаныш тұтатынын білдірді.

ТүркПА Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясы төрағасының орынбасары, Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Фейзулла Қыйықлық жиналыстың басты баяндамасын қысқаша таныстырды. Ол энергияның бүткіл әлем үшін маңызды да өзекті мәселе екенін тілге тиек етті. Түркиялық депутат алдымен әртүрлі энергия көздері жайлы айта келе, Түркияның жаңаратын энергия саласындағы мүмкіндіктері жайлы мәліметтер берді. Мысалға, дүние жүзінде Түркия геотермалды энергияда жетінші, ал Европада бірінші орында.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов ЭКСПО-2017-ның өту тарихы, қазіргі кездегі ондағы түрлі павильондар, сондай-ақ, көрменің бүткіл дүние жүзіне белгілі оқиға екені туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.

Парламентарийлер жиынның күн тәртібіндегі басты сұрақ төңірегінде кеңінен пікір алмасып, діттеген межеге ойдағыдай жетудің жолдарын қарастырды.

Комиссия жиынның негізі баяндамасы мен ұсыныстарын құптап, ТүркПА-ның алдағы айларда өтпекші 7-інші пленарлық сессиясының қабылдауына шығарды. Комиссияның келесі төртінші жиыны Қырғыз Республикасында өтетін болады.