Sunday, 17 November 2019, 07:08:00 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА-ның VI пленарлық сессиясы. Астана, 3-4 желтоқсан 2015

ТүркПА-дағы төрағалық Астанада 3-4 желтоқсанда өткен Ассамблеяның VI пленарлық сессиясы барысында Әзербайжан Республикасының Милли Мәжлисінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне өтті.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасы Милли Мәжлисінің Төрағасы Октай Асадов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов, Қырғыз Республикасы Жоғорку Кеңешінің Төрағасы Асылбек Жээнбеков және Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісі Төрағасының орынбасары Ахмет Айдын жетекшілік еткен парламенттік делегациялар қатысты.

Венгрия Ұлттық ассамблеясы жетекшісінің орынбасары Марта Матраи ханым жетекшілік ететін делегация бақылаушы ретінде қатысты. Басқосуға келген халықаралық ұйымдар арасында ТүркСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі болды.

Қазақстан төрағалығының жоспарлары жайлы сөз сөйлеген ТүркПА Іс басындағы Төрағасы Қ.Қ.Жақыпов былай деді: «Түркі елдері тәуелсіздік алған ширек ғасырға жуық уақытта туыстас халықтар арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді». Сонымен қатар, Қабиболла Қабенұлы Түркі кеңесі аясында мемлекет басшылары қабылдаған шешімдер мен жоспарлардың орындалуына ТүркПА-ның жан-жақты заңнамалық көмек беруге әрқашан да дайын екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Іс басындағы Төраға ТүркПА-ға мүше елдерді қазір дүйім жұртты алаңдатып отырған мәселелер төңірегінде - атап айтқанда, терроризммен және радикал экстремизммен күрес, экономикалық дағдарыс салдарларын жеңілдету және экологиялық мәселелерді еңсеру – тығыз әрекеттестуге шақырды.

3 желтоқсанда өткен Ассамблея кеңесі отырысы кезінде төрағалықты өткізіп жатып, Әзербайжан Милли Мәжлисінің Төрағасы Октай Асадов Қ.Жақыпов пен А.Жээнбеков мырзаларды, сондай-ақ, Астанадағы басқосуға қатыса алмаған әріптесі, Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісі Төрағасы Исмаил Каһраман мырзаны ТүркПА-ның «Еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Өз кезегінде Іс басындағы төрағалық тізгінін қолына алған Қ.Жақыпов Октай Асадов мырзаға аталған «Еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Делегациялар іс-шара программасына сай Түркі академиясында ұйымдастырылған «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» конференциясына және талай түркі тайпаларының таңбалары қашалған Мәңгітас ғылыми көшірмесінің ашылу рәсіміне қатысты, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті кітапханасына барды, Астана опера және балет театрында қойылған

«Абай» операсын тамашалады, Қазақстан Ұлттық музейін барып, «Түркі халықтарының бірлігі» атты көрмені аралады және ЭКСПО-2017 көрмесі басшылығымен барып жүздесті.

Алтыншы пленарлық сессия ТүркПА-ның жылдық есебін тыңдады, Ассамблея комиссияларының баяндамалары мен ұсыныстарын, сондай-ақ, ТүркПА халықаралық бақылаушылар миссияларының мүше елдерде өткен президент және парламент сайлауларының қорытындылары жайлы есептерін бекітті, кейбір комиссиялардың басшыларын сайлады.

Алтыншы пленарлық сессия Астана декларациясын қабылдаумен аяқталды. Жетінші пленарлық сессия Қырғызстанда өтетін болады.