Tuesday, 11 August 2020, 19:23:51 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКПА-ның Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының екінші жиналысы

БАКУ. ҚазАқпарат - 24 қарашада Бакуде өткен ТүркПА-ның Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының екінші жиналысында жаһандық климаттың өзгеруінің себептері мен оның тигізетін ықтимал салдары талқыланды. Отырыста сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова келесі жылы Астанада өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жайлы сөз етіп, оның энергияның балама көздерін дамытуға арналатыны жайлы егжей-тегжейлі мәлімет берді.

«Табиғи кеніш көздері сарқылып, қоршаған ортаның ластануынан адам денсаулығының нашарлауы күрт өсті. Бүкіл әлемдік қауымдастық осыған алаңдаулы. «Жасыл» экономика бұл күрделі сұрақтың басты шешімі болып табылады. Оны дамыту арқылы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын қысқарту, табиғи қорларды үнемдеп тұтыну, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз.

Экологияға бағытталған жасыл экономиканың жарқын болашағы бар», -деді парламентші. Жиынды Әзербайжан Республикасы Милли Мәжлисінің депутаты, ТүркПА Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының төрағасы Әһлиман Әмирасланов жүргізді. Іс-шара барысында Климаттың өзгеруі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясының (the United Nations Framework Convention on Climate Change (UNFCCC)) және 1992 мен 1997 жылдарда қабылданған Киото хаттамасының орындалуына қатысты ауқымды пікір алмасу болды. Қазақстандық депутаттың ұсынысы бойынша, ТүркПА Қоршаған орта және табиғи ресурстар комиссиясының келесі жиналысы алдағы жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін болады.

www.inform.kz