Monday, 23 May 2022, 13:12:02 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы туралы Cтамбул келісімі

Түркітілдес елдердің парламенттері (бұдан әрі «Тараптар» деп аталады), тарихи, мәдени және тіл ортақтығына сүйене отырып, ұлттық заңнамаларды жақындастыруда және парламентаралық қызметке қатысты басқа да мәселелерде өзара неғұрлым тығыз қарым-қатынас жасау мақсатында төмендегі жайлар бойынша келісімге келді:

1-бап

Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында кеңесші орган ретінде Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясын (бұдан былай «Ассамблея» деп аталады) құрады.

2-бап

Ассамблея:

 парламентаралық ынтымақтастықты дамытады;

 Тараптардың ұлттық заңнамаларын, соның ішінде, түркітілдес елдердің ортақ тарих, өнер, әдебиет және басқа да салалардағы мұралары мен құндылықтарын сақтауға және оны келешек ұрпақтар игілігіне қалдыруға бағытталған ұлттық заңнамаларын жақындастыру жөнінде ұсынымдар қабылдайды;

 саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және гуманитарлық мәселелерді қарап, талқылайды;

 Тараптар арасында құқықтық және басқа да сипаттағы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

 қажет болған жағдайда парламент мүшелері мен парламенттер аппараттары қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтарын құрады;

 парламент мүшелері мен парламенттер аппараттары қызметкерлерінің өзара сапарларын ұйымдастыруда қолғабыс көрсетеді;

 Ассамблея жұмысы регламентін және оның қызмет аясын белгілейтін өзге де құжаттарды, эмблемасы мен рәміздерін қабылдайды.

3-бап

Талқыланатын мәселелер бойынша Ассамблея пленарлық отырыстарда өзара келісім негізінде шешімдер қабылдайды.

Ассамблея өз шешімдерін төмендегідей нысандарда қабылдайды:

мәлімдеме;

үндеу;

ұсыным.

4-бап

Ассамблея Тараптардың делегацияларынан құралады.

Әр парламенттік делегацияның құрамына 7 депутат кіреді.

Парламенттердің делегацияларын Тараптардың басшылары басқарады.

Әр Тараптар Ассамблеяда тең құқықтарға және бір дауыс құқығына ие.

5-бап

Ассамблея қызметін үйлестіруді Тараптар басшыларынан тұратын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.

Ассамблея Кеңесі Тараптар арасындағы ынтымақтастықты ортақ, тиімді бағытта дамыту жолдарын және перспективаларын айқындайды, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталған шешімдер қабылдайды. Кеңес талқыланған мәселелер бойынша Тараптар ортақ келісім негізінде шешім қабылдайды.

6-бап

Ассамблеяның тұрақты қызметін қамтамасыз ететін әкімшілік органы Хатшылық болып табылады.

Хатшылықтың қызметі мен құрылымы Ассамблея Кеңесі бекітетін Хатшылық туралы ережеде айқындалады.

7-бап

Ассамблеяның кезекті пленарлық отырыстары мен Ассамблея Кеңесінің отырыстары, жылына кемінде бір рет, Тараптар мемлекеттері аумағында әліпби ретімен өткізіледі. Отырысты өткізуші ел оған төрағалық етеді.

Ассамблея мен Ассамблея Кеңесінің кезектен тыс отырыстарын шақыруды Тараптардың бірінің ұсынысы бойынша басқа Тараптардың мақұлдауынан кейін төрағалық етуші ел парламенті жүзеге асырады.

Ассамблея мен Ассамблея Кеңесінің отырыстарын өткізуші ел, оларды ұйымдастыру жұмыстарына қатысты барлық шығындарды көтереді.

Ассамблея мен Ассамблея Кеңесіне Тараптар делегацияларының қатысу шығындарын әрбір Тарап өзі көтереді.

8-бап

Ассамблеяның жұмыс жүргізу тілдері Тараптардың мемлекеттік тілдері болып табылады.

9-бап

Ассамблея Кеңесі мүшелерінің келісімімен халықаралық парламенттік ұйымдардың және осы Келісімге қосылмаған басқа елдердің ұлттық парламенттерінің өкілдері Ассамблея отырыстарына шақырыла және байқаушы ретінде қатыса алады.

10-бап

Түркітілдес өзге де елдердің парламенттері барлық Тараптарды жазбаша түрде хабардар ету арқылы осы Келісімге қосыла алады. Қосылушы парламент үшін Келісім барлық Тараптардың жазбаша түрдегі келісімдерін алған сәттен бастап күшіне енеді.

11-бап

Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен бас тарта алады. Бұл Тарап үшін Келісім басқа Тараптар жазбаша түрде хабарлама алған күннен бастап алты ай мерзім өткеннен кейін өз күшін жояды.

12-бап

Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге жеке хаттама жасау арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Хаттама осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

13-бап

Осы Келісім Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

14-бап

Осы Келісім қазақ, әзірбайжан, қырғыз және түрік тілдерінде төрт дана етіп жасалып, оған 2008 жылғы 21 қарашада Стамбұл қаласында қол қойылды. Барлық тілдегі мәтіндердің Тараптар үшін бірдей күші бар.

Қазақстан Республикасының

Парламенті үшін

Мұхамбет КӨПЕЕВ

Әзірбайжан Республикасының

Милли Меджлисі үшін

Октай АСАДОВ

Қырғыз Республикасының

Жогорку Кеңеші үшін

Айтибай ТАГАЕВ

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі үшін

Көксал ТОПТАН