Thursday, 22 October 2020, 02:15:54 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Төртінші пленарлық отырыс - Анкара декларациясы (2013)

2013 жылғы 10-12 маусымда Анкара қаласында Әзірбайжан Республикасының Милли Меджлисі, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші және Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісі делегацияларының қатысуымен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының төртінші пленарлық отырысы өтті.

Төртінші пленарлық отырысқа қатысушылар

- 2008 жылғы 21 қарашада Стамбул қаласында қол қойылған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясын құру туралы Келісімге, 2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге және басқа да тиісті декларациялар мен құжаттарға сүйене отыра, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін білдіре отырып,

- Түркітілдес елдер арасындағы қатынастарды тіл мен дәстүрлердің тарихи-мәдени мұраларының ортақтығы негізінде дамытуда және ынтымақтық бірлікті нығайтуда парламенттердің рөлін атап өте отырып,

- Бауырлас мемлекеттер парламенттері арасындағы ынтымақтастықтың мүше елдердегі демократияны, заң үстемдігін, нарықтық экономиканы, адам құқықтары мен бостандықты дамытуға және нығайтуға үлес қосатындығын атап көрсете отырып,

- Түркітілдес елдер арасындағы қалыптасқан және белсеңдетілген қатынастар өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты күшейте түсетіндігін, сондай-ақ өңірде және әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатындығын атап өте отырып,

Төмендегі туралы мәлімдейді

1. Парламенттік Ассамблея өңірлік және ғаламдық деңгейдегі түркі мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату мен дамытудың маңызды құралы болып табылады.

2. Парламенттік Ассамблея тарих, мәдениет және тілді біріктіруге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды және осы контекстте Парламенттік Ассамблея Қазақстанның латын әліпбиіне көшу ынтасын жоғары бағалайды.

3. Парламенттік Ассамблея демократия принциптерін, адам құқықтарын құрметтеуді, нарықтық экономиканың дамуын және заңның үстемдігін, сондай-ақ ұлттық және өңірлік қауіпсіздіктің, тұрақтылық және бейбітшіліктің қамтамасыз етілу маңыздылығын құптайды.

4. Парламенттік Ассамблея Әзербайжанның мәдениетаралық диалогты дамытудағы үлесін атап өте отырып, мәдениеті, этносы, діни көзқарастары және мұралары бөлек топтар мен жеке тұлғалардың өзара түсіністік негізінде өткен ашық пікір алмасуларын құптай отыра, 2013 жылғы 29 мамыр - 1 маусымда Баку қаласында өткен екінші Мәдениетаралық диалог жөніндегі бүкіләлемдік форумының ұйымдастырылуын жоғары бағалады.

5. Парламенттік Ассамблея түркітілдес елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық аймақтық бірігушіліктің негізгі қозғаушы күші екендігін мойындайды, және осыған байланысты мүше елдерді пленарлық отырыстарға бизнес қауымдастықтарының қатысуын қамтамасыз етуге шақырады.

6. Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның көптеген ұсынымдарына және мүше елдердің заңнамаларын үйлестіру мақсатына сәйкес Парламенттік Ассамблея ТүрікПА Хатшылығына мүше елдер парламенттерінің арнайы комиссиялары арасындағы әріптестік пен ақпарат алмасуға қажетті әкімшілік және техникалық көмек көрсетуді тапсырады және арнайы комиссиялар отырыстарын тұрақты түрде өткізуге шақырады.

7. Парламенттік Ассамблея мүше елдердің парламенттер әкімшілік ұйымдары арасындағы ақпарат және тәжірибе алмасуды, ынтымақтастық және кадрлық алмасуды құптай отырып, қатынастардың жоғары деңгейге көтерілуін қамтамасыз етеді. Парламенттік Ассамблея Хатшылыққа аталған процесске белсеңді қатысуды ұсынады.

8. Экономикалық, сауда және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 2011 жылғы баяндамасында көрсетілгендей мүше елдердің экономика және сауда саласындағы заңнамаларын үйлестіруді қолдау Парламенттік Ассамблеяның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.

9. Мүше елдер арасындағы құқықтық саладағы әріптестікті дамыту және тәжірібие алмасу мақсатына сәйкес Парламенттік Ассамблея Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияға Жоғарғы соттар, прокурорлар арасында ақпарат алмасуға және болашақта ұзақ мерзімді түрде өзара іс-әрекеттің институцияландыруына қажетті шараларды қабылдауды тапсырады.

10. Парламенттік Ассамблея терроризмнің кез келген түрін қатаң түрде айыптайды және мүше елдер арасындағы терроризмге қарсы күрес әріптестігінің маңыздылығын атап көрсетеді, сонымен қатар барлық түрдегі терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, ұлтаралық қылмыстық әрекеттерге, есірткі саудаға, қаруға және тұлғалар мен мигранттарды заңсыз түрде ұстауға қарсы күрес саласындағы мүше елдер арасындағы ынтымақтастық пен үйлестікті нығайтудағы бейілділікті растайды.

11. Парламенттік Ассамблея Әзірбайжан Республикасы егемендігі, аумақтық тұтастығы және шекараларының мызғымастығы негізінде ұзақ мерзімді тұрақтылық пен өңірлік ынтымақтастық үшін басты кедергілердің бірі болып табылатын армян-әзербайжан Таулы Қарабақ шиеленісін бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ армян-әзербайжан Таулы Қарабақ шиеленісін шешу – Еуразия өңірінде бейбітшілікті, тұрақтылық пен гүлденуді қамтамасыз етуде елеулі ілгерілеу болатыны туралы өздерін сенімдерін тағы да растайды.

12. Кипр аралындағы екі халықтың саяси теңдігіне негізделген Біріккен Ұлттар Ұйымы қамқорлығындағы үйлестірілген және өзара келісілген реттелу үдерісіне берік қолдауын растады және Кипрдегі тең және құрамдас серіктес кипрлік түрік халқының бейбіт, қауіпсіз және әл-ауқатты келешекке деген талпыныстарына ниеттестік білдіреді.

13. Халықаралық қатынастар жөніндегі тұрақты комиссияның баяндамасында аталғандай, Парламенттік Ассамблея энергетикалық қорлар және транзиттік жолдар саласындағы парламентаралық әріптестіктің маңыздылығын тағы да атап көрсетеді. Парламенттік Ассамблея парламенттік дипломатияның біздің қоғамның бейбітшілік пен өркендеу жолындағы күресіндегі маңызды құралы екендігін мойындайды.

14. Парламенттік Ассамблея түркітілдес елдер арасындағы әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық әріптестікті, ынтымақтастықты және оның институциялануын құптайды.

15. Парламенттік Ассамблея білім беру институттары арасындағы, атап айтқанда жоғарғы оқу орындары арасындағы бағдарламалар алмасу және әріптестікті дамытуды, сондай-ақ бастауыш және орта білім беру жүйелерінде түрік тілдерін оқыту және факультативтік курстар өткізуді қолдайды.

16. Парламенттік Ассамблея БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2015-2016 жылдарда Түркия Республикасының және 2017-2018 жылдарда Қазақстан Республикасының кандидатураларын қолдауды ұсынады.

17. Парламенттік Ассамблея ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астана қаласында өткізуді қолдайды, ЭКСПО-2020-ны Измир қаласында және 2020 Олимпиада ойындарын Стамбұл қаласында өткізуді ұсынуды түркі әлеміне қолайлы озықтық ретінде қарастырады және мүше елдерді аталған сайлау кезінде Түркияны қолдауға шақырады.

18. Парламенттік Ассамблея түрік халқының дәстүрлі қонақжайлылығы және төртінші пленарлық отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырғандығы үшін Түркия Республикасына терең ризашылығын білдірді.

19. Парламентік Ассамблеясы бесінші пленарлық отырысты 2014 жылғы маусым айында Баку-Габалада Әзірбайжан Республикасында өткізу туралы шешім қабылдады.