Thursday, 22 October 2020, 01:23:25 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Түркітілдес Елдер Парламенттік Ассамблеясының Баку Декларациясы (2009)

2009 жылғы 29 қыркүйекте Бакуде Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисі, Қазақстан Республикасы Парламенті, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші және Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы делегацияларының қатысуымен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының жалпы отырысы өтті.

Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы,

- 2008 жылғы 21 қарашада Стамбулда қол қойылған Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы туралы келісімді қазіргі заманғы әлемнің жаңа шиеленістері алдында халықтарымыздың күш-жігерін біріктіруге бағытталған маңызды тарихи оқиға ретінде атап көрсете отырып,

- Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясына қатысушы елдер парламенттерінің өз мемлекеттерінде атқаратын елеулі рөлі мемлекеттердің демократиялық дамуындағы қажетті шарттардың бірі болып табылатынын негізге ала отырып, қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейін және олардың тарихының, тілі мен мәдениетінің ортақтығын атап көрсете отырып,

- тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық пен шекаралар мызғымастығы, құқықтық теңдік, бір бірінің ішкі істеріне араласпау, күш қолданудан немесе күш қолдану қаупін төндіруден, экономикалық және өзге де қысым жасау әдістерінен бас тарту негізінде мемлекеттердің саяси және экономикалық қауіпсіздігін нығайту, табиғи ресурстарды толық және табысты пайдалану, ұлттық экономикаларды серпінді дамыту арқылы халықтардың әл-ауқатын арттыру принциптерін сақтау ісіне қомақты үлес қосуға ниет білдіре отырып, мәлімдейді:

1. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы шеңберіндегі ынтымақтастық мемлекеттеріміздің саяси, экономикалық, мәдени және өзге де салалардағы өзара қарым-қатынастарын тереңдету, халықтарымызды одан әрі жақындастыра түсу ісіндегі маңызды құрал болып табылады.

2. Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының қызметі қатысушы мемлекеттер тарихының, тілі мен мәдениетінің ортақтығынан туындайтын мүмкіндіктерді бауырлас елдеріміздің одан әрі дамуы үшін пайдалануға негізделеді.

3. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы өңірдегі мемлекеттеріміздің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтасуына тың серпіліс беруге ұмтылатын болады.

4. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы мемлекеттер арасындағы саяси диалогты парламентаралық ынтымақтастықты сапалық тұрғыдан жаңа бір сатысы – парламенттік дипломатия арқылы одан әрі дамытуға қолғабыс көрсетуді көздеп, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сақтауға ұмтылады.