A PHP Error was encountered

Severity: Notice

Message: Undefined property: Domain\Archives::$description_meta

Filename: controllers/Archive.php

Line Number: 42

Backtrace:

File: /var/www/app/turk-pa/vendor/monolog/monolog/src/Monolog/ErrorHandler.php
Line: 164
Function: call_user_func

File: /var/www/app/turk-pa/application/controllers/Archive.php
Line: 42
Function: handleError

File: /var/www/app/turk-pa/index.php
Line: 325
Function: require_once

ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫНЫҢ Х САММИТІНІҢ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ - Turk-PA.org
Monday, 17 January 2022, 02:07:18 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫНЫҢ Х САММИТІНІҢ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

13.05.2014 17:32

ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫНЫҢ 10-шы САММИТІНІҢ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

Стамбул, 2010 жылғы 16 қыркүйек

Әзірбайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева, Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл және Түрікменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімүхамедов Стамбул қаласында 2010 жылы 16 қыркүйекте болған, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммитіне қатысты.

Осы Декларацияға қол қойған Мемлекеттер басшылары,

ортақ тарихқа, тілге, төл ерекшелікке және мәдениетке негізделген, түркітілдес мемлекеттер арасындағы өзара мүдделілікті, қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ынтымақтастықты нығайту ниеттерін тағы да қуаттай отырып;

Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде қол қойылған Нахчыван декларациясын қоса алғанда, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиттерінің, оның ішінде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бұрынғы саммиттерінде қабылданған декларациялар ережелерінің пайдасын растай отырып;

Түркітілдес мемлекеттер арасындағы жан-жақты қарым-қатынас пен қазіргі бар ынтымақтастық еуразиялық өңірде өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты қосымша толықтыратынына кәміл сенім білдіре отырып;

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) құжаттарына және ең алдымен Хельсинки қорытынды актісіне өздерінің адалдықтарын білдіре отырып;

егемендік, аумақтық тұтастық және шекаралардың мызғымастығы, ішкі істеріне араласпау, қатер төндіруден немесе күш қолданудан ұстану қағидаттарына сәйкес мемлекеттердің саяси және экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға ұмтыла отырып;

2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында болған, Түркітілдес мемлекеттері басшыларының 10-шы саммитінде «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне» қол қойылуын қанағаттанғандықпен атап өте отырып;

төмендегілер туралы мәлімдейді:

1. 2010 жылғы 27 маусымда Қырғызстанда жемісті түрде өткен референдумді қанағаттанғандықпен атап өте отырып, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылық үшін 2010 жылғы 10 қазанда парламенттік сайлаулар өткізілуінің маңыздылығын және өтпелі кезеңде Қырғызстанға көмек көрсетуді жалғастыру ниетін атап көрсетті.

2. Алматы қаласында Қазақстан ұйымдастыратын Қырғызстанға көмек көрсету жөніндегі Халықаралық донорлық конференцияны өткізуді қолдады және халықаралық қоғамдастықты осы конференцияға белсенді түрде қатысуға шақырды.

3. Стамбул қаласында болған Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммиті түркітілдес мемлекеттер арасында екіжақты және көпжақты қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

4. Түркітілдес мемлекеттер арасында тарихтың, мәдениеттің, төл ерекшелік пен тілдің ортақтығына негізделген өзара мүдделерді, қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді, осыған байланысты ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті және демократия қағидаттарын сақтау, адам құқықтарын кұрметтеу, нарықтық экономиканы дамыту, заң үстемдігі мен тиісінше басқару ісіне өздерінің адалдықтарын қуаттады.

5. Ортақ тарихи құндылықтар мен мәдени мұраларды сақтаудың маңыздылығын, бұл құндылықтар түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен ниеттестіктің және оларды болашақ ұрпаққа табыстаудың негізін құрайтынын атап көрсете отырып, осы бағытта жүзеге асырылатын зерттеулерді қолдайтындықтары туралы мәлімдеді.

6. Түркітілдес мемлекеттер арасында қарым-қатынасты дамыту үшін қауіпсіздік, экономика, мәдениет, білім беру, ғылым, жергілікті билік орындары, азаматтық қоғамды ұйымдастыру мәселелерін қоса алғанда, олар барлық салаларда өзара сапарлар, тәжірибелер алмасуға және ынтымақтастықты жүзеге асыруға жәрдемдесетіндігіне ерекше маңыз береді.

7. Терроризмді, экстремизмді, адам саудасын және заңсыз көші-қонды, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, сондай-ақ қару-жарақтың заңсыз айналымын қоса алғанда, халықаралық қауіпсіздіктің қауіп-қатерлеріне қарсы күресте ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын тағы да атап өте отырып, өзара және басқа да халықаралық ұйымдар арасындағы ықпалдастықтың маңыздылығын қуаттады.

8. Шекараны мәжбүрлі түрде өзгертуге жол берілмейтіндігі туралы өздерінің ұстанымдарын қуаттады, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші фактор болып табылатын бейбітшілік пен тұрақтылыққа, мемлекеттік егемендік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін агрессия актілеріне қарсы халықаралық қоғамдастық күресін күшейту жөніндегі өздерінің сенімділігі туралы атап өтті.

9. Түркітілдес мемлекеттер үшін маңызды мәселелерді өңірлік және халықаралық ұйымдардың күн тәртібіне неғұрлым қарқынды түрде енгізу мақсатында - халықаралық ұйымдарда бірлескен ұстанымдарын қабылдау маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты олар маңызды халықаралық кездесулер алдында түркітілдес мемлекеттер арасында кездесулер өткізу және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау түркітілдес мемлекеттер арасында қарым-қатынасты жетілдіруге және нығайтуға жәрдемдесетін болады деп пікір білдірді.

10. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді Қазақстанның қабылдап алуы және оны жемісті түрде іске асыру ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Қазақстанға сенім көрсеткіші болып табылатындығын атап көрсетті, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін табысты түрде жалғастыруға тілектерін білдірді.

11. Стамбулда ЕҚЫҰ саммиті өткеннен кейін 11жыл өткен соң Астанада ЕҚЫҰ-ның тұңғыш саммитін өткізу туралы шешім қабылдауымен Қазақстанды құттықтай отырып, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі 2010 жылы Қазақстан басшылығымен жалғасып келе жатқан диалог - Астана қаласындағы саммитте қабылданатын шешімдермен бірге анағұрлым жоғары деңгейге шығатынына сенім білдірді.

12. Азиялық құрылықта бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне артып келе жатқан үлесті қамтамасыз етуде Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) маңыздылығын атап өтті және оның ынтымақтастық негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігері үшін саяси диалог форумы ретінде АӨСШК-ні өздерінің белсенді түрде қолдайтындықтарын білдірді.

13. Азиядағы сенім шараларын іске асыру мақсатында АӨСШК қабылдаған жетекші рөл мен міндеттемелер назар тартатынын, Қазақстанның төрағалығы кезінде АӨСШК-ні жемісті түрде институционализациялауға қатысты АӨСШК төрағалығының бір түркі мемлекетінен Стамбул саммитінде екінші түркі мемлекетіне берілуіне байланысты қанағаттанғандық білдірді.

14. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және 2010-2012 жылдары АӨСШК-ге Түркияның төрағалығы және олардың Еуразиялық қауіпсіздік аймағындағы орталық ұстанымдары көпжақты ұйымдар шеңберінде екі елдің ұйымшыл әрі анағұрлым белсенді болуларына жәрдемдескені туралы пікір білдірді.

15. Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту бойынша халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) ортақ құндылықтарды белгілеуде, байытуда, кеңейтуде және ілгерілетуде, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер мен халықтар арасында мәдени қатынастарды тереңдетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

16. Әлемдік өркениеттің дамуына елеулі түрде ықпал еткен, бай түркі мәдени мұрасын сақтау мақсатында Бакуде түркі мәдениетін қолдау және түркі мұрасын сақтау үшін арнайы Қор құруға бағытталған бастаманы іске асырудын маңыздылығын атап көрсетті.

17. 2012 жылы Астананы - Түркі мәдениетінің астанасы ретінде жариялау туралы ТҮРКСОЙ ұсынысын қолдады.

18. Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) Хатшылығының Бакуде ашылуына қатысты қанағаттанғандық білдірді және ТүркПА түркітілдес мемлекеттер мен басқа да елдердің арасында ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетінін атап өтті.

19. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммиті барысында қол қойылған, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне негізделген Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі - мүше мемлекеттер арасында ынтымақтастықты институциялауы және өңірлік ынтымақтастыққа оңтайлы үлес тигізуі тиіс деген сенімді қуаттады.

20. Стамбулда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Хатшылығын құру қорытынды кезеңге жеткендігін қанағаттанғандықпен атап өтті және Хатшылықтың бірінші Бас хатшысы ретінде Түркия өкілі, Елші Халил Акынжының тағайындалуын мақұлдады, Х.Ақынжы Нахчыван келісімі күшіне енгеннен кейін өзінің міндеттеріне ресми түрде кіріседі.

21. Түркітілдес мемлекеттердің сыртқы істер министрлеріне Нахчыван келісімінде көзделген тиісті құжаттарды рәсімдеуді және қабылдауды аяқтауды тапсырды.

22. Теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген сауда мен экономика саласындағы қарым-қатынасты дамытуға және өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлікті, комуникацияны, су-энергетика мәселелерін, балама энергияны және туризмді қоса алғанда, барлық салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.

23. Түркітілдес мемлекеттер экономикасының қарқынды түрде дамуы, бизнес ортаны қоса алғанда, түрлі салалардағы ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап көрсетті, казіргі бар әлеуетті тиімді пайдалану маңыздылығын атап өтті.

24. Экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында Түркітілдес мемлекеттердің іскерлік кеңесін кұруға келісті.
Мұнай емес секторларын дамытуды қолдау және жеке сектор үшін жаңа мүмкіндіктер беру мақсатында Стамбұлда «Түркітілдес мемлекеттердің даму банкін» және Бірлескен сақтандыру компаниясын қуру мүмкіндігін зерттеуді ұйғарды.

25. Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Каспий өңірі энергетикалық ресурстарының ұлғая түсіп отырған рөлін қуаттай отырып, Баку-Тбилиси-Жейхан стратегиялық мұнай құбыр желісі мен Баку-Эрзурум газ құбыр желісі жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке және өңір елдерінде орнықты экономикалық дамуға қызмет ететініне сенім білдірді. Осы тұрғыда олар Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыр желісі мүмкіндігін үлғайтудың маңыздылығын бөліп көрсетті және Ақтау порты мен Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай кұбыр желісі арасындағы байланыстың маңыздылығын атап көрсетті.

26. 2012 жылы пайдалануға берілетін Баку-Тбилиси-Карс жаңа теміржол қатынасын орнату - түркітілдес мемлекеттер арасында жүк тасымалдарын жеңілдететінін, Еуразия өңірінде сауда көлемін ұлғайтатынын және өңірлік даму мен экономикалық ынтымақтастықты жеделдететінін атап өтті және мейлінше қысқа мерзімде теміржол қатынасын орнатудың маңыздылығын атап көрсетті.

27. Ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да салаларда кеңейіп келе жатқан қарым-қатынасқа өзара мүдделілікті қуаттай отырып, түркітілдес мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды қолдауға тілек білдірді және түркітілдес мемлекеттердің жастар одақтары мұндай қызметке өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

28. Ғылыми, білім беру мекемелері мен ғалымдар арасында қарым-қатынастың одан әрі дамуына жәрдемдесетін нақты жобаларды қолдайтын тілектерін білдірді және халықтар арасындағы достықты ынталандыру, сондай-ақ болашақ ұрпақты жақын байланыстар орнату рухында тәрбиелеу үшін білім саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру кажеттігін тағы да қуаттады және білім жөніндегі құжаттарды өзара тану мүмкіндігін зерттеу маңыздылығын атап өтті.

29. Астанада Түркі академиясының ашылуына қатысты қанағаттанғандық білдірді және түркітілдес мемлекеттердің ғылыми корын дамыту мен жария ету жөніндегі академиялық салада ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

30. Түркология саласындағы ғылыми ресурстардың, этномәдениет пен этно-туризмді дамытудың маңыздылығын тани отырып, «Түркі академиясы» шеңберінде Түркі тарихы мұражайын, Түркі кітапханасын құру бастамасын мақұлдай отырып, өзара түсіністікті және түркология ғылымын дамытуды жақсартуға ұмтыла отырып, Түркі академиясы халықаралық ұйымын құру қажеттігін атап көрсетті.

31. Сондай-ақ олар бірлескен білім беруді қоса алғанда, Түркі академиясының зерттеулерін қолдау мақсатында және ынтымақтастықтың осы үлгісі шеңберінде университеттер арасында одақтар құруды ілгерілету ниеті туралы мәлімдеді.

32. Түркітілдес мемлекеттердің ғылыми-зерттеу саласындағы қолда бар әлеуетін пайдаланудан өзара тиімділігін және институциялау арқылы оның әлеуетін дамытудың жеке қорын құруға келісті.

33. Халықаралық сахнаны қоса алғанда климаттың және қоршаған орта өзгерісінің мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту ниеттері туралы мәлімдеді.

34. Су ресурстарын жалпыға бірдей пайдалану мақсатында халықаралық ынтымақтастықтың қажеттігі туралы мәлімдеді.

35. Қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап көрсетіп, өңірдегі, атап айтқанда Арал теңізі аймағындағы экологиялық жағдайды жақсарту мен мұздықтардың еруін болдырмау және басқаларға шұғыл шаралар қабылдауға тараптарды шақырды.

36. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, барлық салалардағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды, тығыз байланыстар мен бірлескен ықпалдастықты дамытуға бағытталған саяси консультацияларды алдағы уақытта кеңейту қажеттігін қуаттады.

37. Халықаралық қауіпсіздікке, орнықты дамуға, сондай-ақ БҰҰ Жарғысында бекітілген мақсаттарға қол жеткізу мақсатында жаһандық және стратегиялық мәселелерді шешудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге ерекше назар аударатындарын атап өтті. БҰҰ-да жүргізілетін реформалар халықаралық мәселелерде БҰҰ-ның орталық рөлін күшейтуге, оның әлеуетін халықаралық құқықтық тәртіптің жаңа қауіп-қатерлеріне қарсы жедел әрі тиімді түрде пайдалануға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті.

38. 2010 жылы қазанда болатын сайлауда 2010-2014 жылдар кезеңінде Халықаралық телекоммуникациялық одаққа мүшелікке өтуде Әзірбайжан мен Туркияның кандидатураларын, сондай-ақ Халықаралық телекоммуникациялық одақтың Радионы реттеу комитетіне («С» регионы) Қырғызстанның кандидатурасын қолдау туралы жария етті.

39. 2011 жылдың қазанындағы сайлауда белгілі болатын, 2011-2015 жылдар кезеңіне арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Атқарушы комитетіне (ЮНЕСКО) мүшелікке өтуде Түркияның кандидатурасын өздерінің қолдайтындықтарын қуаттады.

40. 2012 жылы мамырда болатын сайлауда 2012-2015 жылдар кезеңінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне Қазақстанның, ал 2013 жылы болатын 2013-2016 жылдар кезеңіне Түркияның мүшелікке өтуін қолдайтындықтарын білдірді.

41. 2011 жылғы сайлауда 2012-2013 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Әзірбайжан Республикасы мен Қырғыз Республикасының кандидатураларын, ал 2016 жылғы сайлауда 2017-2018 жылдар кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан Республикасының кандидатурасын байсалды түрде қарауға ниет білдірді.

42. 2012 жылғы сайлауда 2013-2015 жылдар кезеңінде Түрікменстанды және Қырғыз Республикасын БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне (ЭКОСОС) мүшелікке өтуде қолдайтындықтарын білдірді.

43. Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) шеңберінде ортақ құндылықтар негізіндегі ынтымақтастық пен ниеттестікті күшейту қажеттігін атап көрсетті.

44. Төрағалық ету кезеңінде Қазақстанды өздерінің қолдайтындықтарын қуаттап, 2011 жылы ИКҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстанның алда тұрған төрағалығын құптады.


45. ИКҰ-ға мүше елдердің арасында тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған ИКҰ артықшылықтарының Сауда жүйесін құру экономикалық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл ойнайтындығына сенім білдірді.

46. Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының тиімділігін нығайту мен арттыру жөніндегі күш-жігерге жәрдемдесетінін қуаттады.

47. Еуропа Кеңесімен диалог пен ынтымақтастықты қолдауға ортақ тілек білдірді.

48. Тұрақтылыққа және елді қалпына келтіруге кепілдік беру арқылы көршілес елдерімен бейбітшілікте және ынтымақтастықта өмір сүруінде Ауғанстанды қолдайтындықтарын білдірді. Ауғанстанда 2010 жылдың 18 қазанында болатын парламенттік сайлаулар елдегі ұлттық бірлікті және ынтымақтастықты күшейтетініне, сондай-ақ қоғамдық келісімге үлес қосатынына сенім білдірді. «Азия жүрегіндегі» достық пен ынтымақтастық туралы Стамбұл мәлімдемесінде» арқауы қаланған тұжырымдама негізінде Ауғанстан бойынша өңірлік ынтымақтастық пен өзара ықпалдастықты дамытуға бейбіт сипаттағы улесін енгізуге ниет білдірді.

49. Ирактың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және ирак коғамының ажырамас бөлігін құрайтын туркі қауымдастығының құқықтары мен еркіндігіне кепілдік берілу қажеттігіне назар аударды.

50. Кінәсіз тоғыз азаматтық тұлгалардың казасына душар еткен, 2010 жылы 31 мамырда аумақтық суларда гуманитарлық конвойға Израильдің шабуыл жасауына сарыла өкінеді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун құрған, Халықаралық тергеу тобы 2010 жылғы 1 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Президенттік Мәлімдемесінің хаты мен рұхына сәйкес, өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін осындай заңсыздықтардың қайталануына жол берілмесі үшін, сондай-ақ халықаралық құкықты құрмет тұту түсінігін іске асыруға көмек көрсету үшін кідіріссіз, алғаусыз, сенімге лайық және ашық түрде халықаралық стандарттарға сай өзінің міндетін аяқтауы тиіс. Тергеу тобы жұмысының қосымша элементі болып табылатын, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрған Тергеу жөніндегі миссияның іс-қимылын қолдайтындықтары туралы мәлімдеді.

51. Өңірлік және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін үнқатысу және дипломатия жолымен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіспеушілікті реттеудің маңыздылығын атап көрсетті, 2010 жылғы 17 мамырда Тегеранда қол қойылған Бірлескен Декларацияны орындау - келіспеушілікті ұзақ уақытқа және жан-жақты реттеу үшін үнкатысудың қажетті ахуалын туғызуға жәрдемдесетініне кәміл сенімдері туралы мәлімдеді және халықаралық қоғамдастықты осы қолайлы сәтті оңтайлы нысанда пайдалануға шақырды.

52. Түркияның Еуропалык Одаққа (ЕО) кіру ниетін қолдады, ағымдағы міндеттемелер негізінде кіру процесін жеделдетуге шакырды және Түркияның Еуразиялық өңірде маңызды мемлекет екенін, оның мүшелікке өтуі өңірдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдететінін, сондай-ақ өңір мен ЕО арасындағы байланысты күшейтетінін атап көрсетті.

53. Кипр лидерлерінің бірлескен мәлімдемесінде көрсетілген шеңберде жаңа Әріптестікті орнату жолымен Кипрдің екі тарабы арасын реттеу жөнінде жалғасып жатқан жан-жақты келіссөздерді қолдайтындықтары туралы атап өтті, БҰҰ Бас хатшысынын 2010 жылғы 11 мамырдағы ізгі ниет миссиясы есебінде көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2010 жылдың аяғына дейін Кипр жанжалын жан-жақты реттеуге қол жеткізуді күтетіндіктері туралы мәлімдеді, халықаралық сахнада ешқандай заңды негізі жоқ Кипрдің турік халқын оқшаулауды кідіріссіз алып тастау мақсатында БҰҰ және ИКҰ жасаған үндеулерді қолдайды.

54. Әзірбайжан Республикасының егемендігі, аумақтық тұтастығы және шекараларының мызғымастығы негізінде ұзақмерзімді түрақтылық пен өңірлік ынтымақтастық үшін басты кедергілердің бірі болып табылатын армян-әзірбайжан таулы қарабақ жанжалын бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ армян-әзірбайжан таулы қарабақ жанжалын шешу - еуразиялық өңірде бейбітшілікті, тұрақтылық пен гулденуді қамтамасыз етуде елеулі прогресс болып табылатыны туралы өздерінің сенімдерін тағы да қуаттады.

55. Мәдениеттер арасындағы өзара құрмет тұту, үйлесімділік және төзімділік ахуалын құруға бағытталған БҰҰ бастамасы ретіңде курылған Өркениеттер Альянсын қолдайтындықтарын және Альянс жұмысына түркітілдес мемлекеттердің етене назар аударып отырғанына қолдау білдірді.

56. Қазақстан басшылығымен өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің және 2010 жылы 26-27 сәуірде Әзірбайжанда өткен Дін лидерлері дүниежүзілік саммитінің түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесін канағаттанғандық сезіммен куаттады.

57. Нахчыван келісіміне қол қойылған күнді (3 қазан) – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық күні ретінде мерекелеу туралы шешім қабылдады.

58. 2011 жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан тәуелсіздіктерінің 20 жылдық мерейтойларын ортақ іс-шаралар ұйымдастыру арқылы тойлау туралы шешім қабылдады.
Осы орайда түркітілдес мемлекеттердің мәдениет фестивалін 2011 жылы Ашхабатта өткізу туралы Түрікменстанның ұсынысын ризашылықпен қабылдады.

59. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бірінші саммитін 2011 жылы Қазақстанда және Екінші саммитін 2012 жылы Қырғызстанда өткізуге уағдаласты.

60. Саммит нәтижелеріне өздерінің қанағаттанатындықтарын білдіріп, қонақтар түрік халқына және Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлге жылы қабылдау мен қонақжайлылығы үшін алғыстарын білдірді.

2010 жылғы 16 қыркүйекте Стамбүл қаласында әзірбайжан, қазақ, қырғыз және турік тілдерінде қол қойылды.
ТҮРКПА-ның Кезекті Төрағалығы
ТҮРКПА-ның іс басындағы Төрағасы
Хабарландырулар