A PHP Error was encountered

Severity: Notice

Message: Undefined property: Domain\Archives::$description_meta

Filename: controllers/Archive.php

Line Number: 42

Backtrace:

File: /var/www/app/turk-pa/vendor/monolog/monolog/src/Monolog/ErrorHandler.php
Line: 164
Function: call_user_func

File: /var/www/app/turk-pa/application/controllers/Archive.php
Line: 42
Function: handleError

File: /var/www/app/turk-pa/index.php
Line: 325
Function: require_once

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының РЕГЛАМЕНТІ - Turk-PA.org
Friday, 28 January 2022, 20:01:21 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының РЕГЛАМЕНТІ

13.05.2014 17:23

Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының
РЕГЛАМЕНТІ

Осы Регламент Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы туралы 2008 жылғы 21 қарашадағы Стамбұл келісіміне сәйкес Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) қызметін ұйымдастыру мен жұмыс тәртібін айқындайды.

АССАМБЛЕЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ҚҰРАМЫ

1-бап
1. Ассамблея Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы туралы Стамбұл келісіміне қатысушы парламенттердің (бұдан әрі – Келісім Тараптары) делегацияларынан тұрады.
2. Делегация Келісім Тарапының Парламенті өз мүшелері қатарынан өзінің ішкі регламенттері мен рәсімдеріне сәйкес сайлайтын немесе тағайындайтын Келісім Тараптары өкілдерінен тұрады. Делегацияны парламент (парламент палатасы) басшысы не айрықша жағдайларда оның орынбасары басқарады.
3. Делегация мүшелері өкілеттіктерінің әрекет ету мерзімі мен оларды тоқтату тәртібін Келісім Тарапы өзінің регламенті мен ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.
4. Парламенттік делегациялардың тең құқықтары және бір дауысы бар.

2-бап
1. Ассамблея қызметін үйлестіруді Келісім Тараптары делегацияларының басшыларынан немесе олар өкілеттілік берген өкілдерден тұратын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.
2. Аумағында Кеңес отырысы өтіп жатқан Келісім Тарапының төрағасы, ал ол болмаған кезде оның орынбасары Ассамблея Кеңесінің Төрағасы болып табылады.
Ассамблея Кеңесінің Төрағасы Ассамблеяның жалпы отырыстарында Төрағалық етушінің функцияларын жүзеге асырады.
3. Ассамблея Кеңесі Ассамблея Кеңесі Төрағасының шақыруы бойынша Ассамблея отырысының өткізілуінен бұрын жиналады.
4. Ассамблея кеңесі Ассамблеяның жалпы отырысында бекіту үшін Ассамблея кеңесі отырысының және Ассамблеяның жалпы отырысының өткізілетін күнін, орнын белгілейді.

3-бап
1. Ассамблея мынадай комиссияларды құрады:
• Экономикалық, сауда және қаржылық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия;
• Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия;
• Халықаралық істер жөніндегі тұрақты комиссия;
• Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия.
2. Комиссиялар мынадай функцияларды жүзеге асырады:
- Комиссиялар өздерінің өкілеттіктеріне қатысты мәселелерді қарайды;
- Комиссиялар Ассамблея кеңесі мен оның Төрағасы қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді, құжаттамаларға талдау жасайды және комиссияға келіп түскен ұсыныстарды қарайды;
- Комиссиялар баяндамалардың, ұсынымдар мен шешімдердің жобаларын алады, сондай-ақ Ассамблея кеңесінің отырыстарында көрсетілген жобаларды ұсыну үшін дауыс беру арқылы баяндамашыларды айқындайды.
3. Жаңа комиссияларды құру немесе жұмыс істеп жатқан комиссияларды қайта құру Ассамблея кеңесінің ұсынысы бойынша Ассамблеяның жалпы жиналысында шешіледі.
4. Ассамблея кеңесі әзірлеген Ассамблеяның жұмыс жоспарына сәйкес комиссиялар жылына кемінде бір рет, комиссиялардың төрағалары белгілеген күні отырыс өткізеді.
5. Әрбір комиссия отырыстың бағдарламасы мен өткізілетін орнына қатысты өз шешімін қабылдайды, содан кейін комиссия хатшысы бұл шешімді комиссия мүшелеріне жазбаша түрде ұсынады. Ассамблея есептері талқыланғаннан кейін комиссиялар қабылданған ұсынымдар мен шешімдер шеңберінде ұсыныстарды қарайды.
6. Комиссиялар қатысушы елдерде ағылшын әліпбиі тәртібімен кезеңдік алмасу негізінде отырыс өткізеді. Егер қатысушы ел комиссия отырысын ұйымдастыра алмаса, аталған отырысты тізім бойынша келесі қатысушы ел өткізеді.
7. Комиссия төрағасы отырысқа қатыса алмаған жағдайда, оған оның орынбасары төрағалық етеді.
8. Комиссиялар қандайда бір ерекше мәселелер бойынша уақытша комиссиялар құра алады.
9. Комиссия мүшелерінің санын, уақытша комиссиялардың ұйымдық құрылымын, қызметі мен жұмыс қағидаттарын құрылатын комиссия айқындайды.
10. Уақытша комиссия өзі қарауына жататын комиссия алдында түпкілікті есепті ұсынғаны үшін жауаптылықта болады.
11. Екі комиссия бір ғана мәселені қараған жағдайда комиссиялар бірлескен отырыс өткізе алады.
12. Комиссия шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады.
13. Комиссияларда дауыс беру, егер комиссияның қандай да бір мүшесі аты-жөнін жария ету әдісімен дауыс беруді талап етпесе, қол көтеру әдісімен өткізіледі.
14. Комиссия тарапынан Ассамблеяға ұсынылатын түпкілікті есеп жөніндегі шешім ¾ көпшілік дауыспен қабылданады.
15. ТүркПА Бас Хатшысы басқа да халықаралық ұйымдардың, парламенттердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін комиссия төрағасының өзара келісімімен комиссия жұмысына қатысу үшін байқаушы немесе қонақ ретінде шақыра алады.
16. Комиссия отырыстарын өткізетін қатысушы ел Парламенті ұйымдастырушылық мәселелермен және делегацияларды орналастырумен байланысты барлық шығыстарды өзі көтереді. Әрбір комиссия мүшесінің комиссия отырыстарына қатысуымен байланысты көлік шығыстарын өзі өкілі болып отырған парламент төлейді.
17. Комиссия отырыстары, егер ерекше жағдайларда өзгеше талап етілмесе, ашық болып табылады. Комиссияның барлық отырысының хаттамасын комиссия хатшылары дайындайды және одан әрі ТүркПА хатшылығының мұрағаттарында сақталады.
4-бап
1. Комиссия мүшелерінің қатарынан Комиссияның төрағасы мен төрағасының орынбасары сайланады.
2. Комиссияның төрағасы мен оның орынбасары үш жыл мерзімге сайланады. Комиссия мүшелерін парламенттік делегациялар үш жыл мерзімге сайлайды. Комиссия мүшелері арасында бос орын пайда болған жағдайда, әрбір Тарап бос орын пайда болған сәттен бастап бір айдан кешіктірмей осы орынға өздерінің жаңа өкілін сайлайды.
3. Төраға болмаған жағдайда Комиссия отырыстарында төрағаның орынбасары төрағалық етеді.

5-бап
1. Ассамблеяның қызметіне қолғабыс көрсету мақсатында Ассамблея Кеңесінің отырысынан бұрын Келісім Тараптары парламенттері (парламент палаталары) аппараттарының басшылары бастаған немесе олардан өкілеттілік алған тұлғалардан тұратын жұмыс тобының отырыстары өткізілуі мүмкін.
2. Келісім Тараптары парламенттері (парламент палаталары) аппараттарының басшылары бастаған немесе олардан өкілеттілік алған тұлғалардан тұратын жұмыс тобы Ассамблея кеңесі және Ассамблеяның жалпы отырысының күн тәртіптеріне сәйкес құжат жобаларын талқылайды және дайындайды.

6-бап
1. Ассамблеяның қызметін қамтамасыз ететін, тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органы Хатшылық болып табылады.
2. Хатшылықтың қызметі, құрылымы мен оны қаржыландыру Ассамблея кеңесі бекітетін Хатшылық туралы ережеде белгіленеді.

ЖАЛПЫ ОТЫРЫС

7-бап
1. Ассамблея қызметінің нысаны кезекті және кезектен тыс жалпы отырыстар болып табылады.
2. Кезекті жалпы отырыстар Келісім Тараптары мемлекеттерінің аумағында ағылшын әліпбиі тәртібімен кемінде жылына бір рет өткізіледі.
3. Кезектен тыс жалпы отырыстарды Келісім Тараптары бірінің ұсынысы бойынша және Келісімнің барлық Тараптарының мақұлдауымен төрағалық етуші тараптың парламенті шақырады.

8-бап
1. Ассамблеяның жалпы отырыстары, әдетте, ашық болып табылады. Жабық түрдегі жалпы отырыстар Келісім Тараптарының бірінің бастамасы бойынша және Келісімнің басқа Тараптарының барлығының келісімімен Ассамблея кеңесінің шешімі бойынша өткізіледі.

КВОРУМ

9-бап
1. Ассамблеяның жалпы отырысының кворумы парламенттік делегациялардың әрқайсысының мүшелер санының кемінде 2/3-ін құрайды.
2. Ассамблея кеңесінің кворумы Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде 3/4-ін құрайды.
3. Комитеттер отырыстарының кворумы Ассамблеяның парламенттік делегацияларының кемінде жартысын құрайды.
4. Төрағалық етуші Ассамблея және Ассамблея кеңесі отырыстары басталардың алдында кворумның бар-жоғын тексереді.
5. Кворум болмаған кезде дауыс беру өткізілмейді және шешім қабылданбайды.

ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУШІ

10-бап
1. Ассамблеяның жалпы отырысында Төрағалық етушінің (бұдан әрі – Төрағалық етуші) функцияларын Ассамблея кеңесінің Төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша Ассамблея кеңесі мүшелерінің біреуі жүзеге асырады.
2. Төрағалық етуші Ассамблеяның жалпы отырыстарын ашады және жабады, Ассамблеяның жалпы отырысында жарыссөздерді жүргізеді, мәселелерді дауысқа қояды, парламенттік делегациялар мүшелері мен байқаушылардың осы Регламентті сақтауын қадағалайды, Кеңес мүшелерімен Ассамблеяның келесі жалпы отырысының өткізілетін орны мен уақытын, сондай-ақ күн тәртібін алдын ала келіседі, Ассамблеяның жұмысын ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдайды және басқа ұйымдармен қарым-қатынастарда Ассамблеяның атынан өкілдік етеді.
3. Төрағалық етуші Ассамблеяның жалпы отырыстары кезінде жарыссөздерге қатыспайды.

КҮН ТӘРТІБІ

11-бап
1. Күн тәртібінің жобасы Төрағалық етуші Келісім Тараптары делегациялары ұсыныстарының негізінде қалыптастырылады.
2. Келісім Тараптарының делегациялары Ассамблеяның жалпы отырысы күн тәртібінің жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.
3. Күн тәртібі Ассамблеяның жалпы отырысында бекітіледі.

СӨЗ СӨЙЛЕУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ. ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ.
РӘСІМ БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР

12-бап
1. Ассамблея отырыстарында парламенттік делегациялардың өкілдері Төрағалық етушінің рұқсатымен сөз сөйлейді.
2. Отырыс барысында Төрағалық етуші барлық парламенттік делегацияларға өз пікірін білдіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жарыссөздер осы шарт сақталған кезде ғана тоқтатылуы мүмкін.
3. Баяндамашылар бекітілген күн тәртібіне сәйкес хабарламалармен сөз сөйлейді.

13-бап
1. Жалпы отырыста күн тәртібінің бір мәселесі бойынша жарыссөз кезінде әрбір делегация үш реттен артық сөз сөйлемейді. Бір сөз сөйлеу уақыты, егер өзгеше шешім қабылданбаса, 10 минуттан аспауы тиіс.
2. Талқыланатын жобалар бойынша ұсыныстар тиісті мәтінге енгізу үшін оларды талқылау барысында жазбаша түрде енгізіледі.

14-бап
1. Тағайындалған баяндамашыларды қоспағанда, делегация мүшелері өздері сөз сұраған тәртіппен сөз сөйлейді. Баяндамашылар Ассамблея кеңесінің шешімімен тағайындалады және осындай шешімде белгіленген тәртіппен немесе Төрағалық етуші белгілеген тәртіппен сөйлейді.
2. Делегациялар Төрағалық етушіге сөз беру жайлы жазбаша немесе ауызша алдын ала өтініш білдіре алады не тікелей отырыс барысында сөз беруді сұрайды.
3. Төрағалық етуші талқылау барысында отырысты жүргізу рәсімін сақтауды қамтамасыз етеді. Сөз сөйлеуші талқыланатын мәселеден ауытқыған, отырысты жүргізу тәртібін бұзған немесе дөрекі сөздерге жол берген жағдайда, Төрағалық етуші ескерту жасай алады немесе сөйлеушіні сөзінен айырып, Келісім Тарапының делегациясына сөз сөйлеуші адамды ауыстыруды ұсынуы мүмкін.


15-бап
1. Бірінші кезекте сөз отырысты жүргізу рәсіміне қатысты ұсыныс енгізуге ниет білдірген делегацияларға беріледі.
2. Рәсім мәселелері жөніндегі ұсыныстың авторы талқыланатын мәселенің мәніне тиіспей, өз ұсынысының уәждерін қысқаша баяндайды.
3. Рәсім мәселелері жөніндегі ұсыныстарды талқылау кезінде тек делегациялар – ұсыныс авторы және қарсы пікір білдірген бір делегация сөз сөйлейді, бұл ретте олардың ешқайсысы 3 минуттан артық сөйлей алмайды.

ДАУЫС БЕРУ

16-бап
1. Комиссиялардың төрағаларын және олардың орынбасарларын, сондай-ақ Хатшылықтың Бас хатшысын және оның орынбасарларын сайлау кезінде Ассамблеяның әрбір мүшесі бір дауысқа, басқа мәселелер бойынша әрбір парламенттік делегация бір дауысқа ие болады. Парламенттік делегациялар дауыс беру мәселелері бойынша өз іштерінде шешім қабылдай алады.

17-бап
1. Кеңес отырыстарында, Ассамблеяның жалпы отырыстарында, комиссия отырыстарында дауыс беру, атаулы немесе жасырын дауыс беру талап етілетін жағдайларды қоспағанда, ашық әдіспен жүзеге асырылады. Берілген дауыстарды санау кезінде жақтап және қарсы дауыс бергендердің дауысы ғана есептеледі. Қалыс қалғандардың саны тіркеледі.
2. Ассамблеяда атаулы дауыс беру парламенттік делегациялар санының кемінде 3/4-інің талап етуі бойынша ағылшын тілінің әліпбилік тәртібімен жүргізіледі.
3. Төрағалық етуші дауыстардың саналуы үшін жауапты және дауыс берудің нәтижелерін хабарлайды.

18-бап
1. Жасырын дауыс беру, егер Келісім Тараптарының ең болмағанда біреуі осыны жақтаса, Ассамблеяның лауазымды адамдарын сайлау кезінде жүргізілуі мүмкін.
2. Төрағалық етуші құрамына Келісім Тараптарының әрқайсынан бір мүшеден кіретін Есеп комиссиясын тағайындайды. Дауыстарды санау кезінде ұсынылған кандидаттардың аты-жөні енгізілген бюллетеньдер ғана есепке алынады. Дауыс берудің нәтижелерін Төрағалық етуші жариялайды.
3. Төрағалық етуші мәселені дауыс беруге қойғаннан кейін, сөйленетін сөздер осы дауыс беруді жүргізу тәртібіне қатысты болатын жағдайларды қоспағанда, дауыс беру рәсімі дауыс беру нәтижелері жария етілгенге дейін тоқтатылмайды. Төрағалық етуші дауыс беру нәтижелерін жариялағаннан кейін дауыс беру рәсімі аяқталған, ал дауыс беру нәтижелері түпкілікті болып есептеледі.
4. Кез келген парламенттік делегацияның дауыс беру рәсімі басталғанға дейін немесе ол аяқталғаннан кейін түсініктемемен сөз сөйлеуге, ресми ескертпе немесе негіздеме жасауға құқығы бар. Парламенттік делегация тиісті мәлімдеменің ресімделуін және оны Хатшылықтың таратуын талап ете алады.

ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУ. ПӘТУАЛАСУ

19-бап
1. Ассамблея мәлімдеме, үндеу, ұсыным нысанында шешімдер қабылдайды. Ұйымдастыру мәселелері бойынша Ассамблея қаулы қабылдай алады.
2. Ассамблея шешімдері тек жалпы отырыста ғана қабылдануы мүмкін.
3. Ассамблея қабылдаған шешімдер қарастырылуы үшін Келісім Тараптарына жіберіледі, ал халықаралық парламенттік және басқа да ұйымдарға жіберілуі мүмкін.

20-бап
1. Талқыланатын мәселелер бойынша Ассамблеяның шешімдері пәтуаласу негізінде қабылданады.
2. Пәтуаласу деп отырысқа қатысып отырған және осы мәселені талқылауға қатысатын Келісім Тараптары делегацияларының қандай да бір ресми қарсылығының болмауы түсініледі.

ОТЫРЫСТАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

21-бап
1. Отырысты жүргізуші Келісім Тарапының Парламенті оны ұйымдастыру жөніндегі барлық шығыстарды, сондай-ақ делегациялар мүшелерінің тұрып, жайғасуы жөніндегі шығыстарын өз мойнына алады.
2. Отырыстарға қатысуға байланысты көлік шығыстарын парламенттік делегацияның әрқайсысы өздері көтереді.

ОТЫРЫСТАРДЫ ЖҮРГІЗУ ТІЛДЕРІ

22-бап
1. Ассамблея жұмысын жүргізудің ресми тілдері Келісім Тараптарының мемлекеттік тілдері және ағылшын тілі болып табылады.
2. Ассамблея жұмысын жүргізудің ресми тілдерінен басқа кез келген басқа тілді пайдалануды қалайтын Келісім Тарапы аудармаға қатысты техникалық жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі барлық шығыстарды өзі көтереді.


БАЙҚАУШЫЛАР МЕН ҚОНАҚТАР

23-бап
1. Ассамбея Кеңесінің келісімі бойынша Төрағалық етуші Ассамблеяның ашық отырыстарының жұмысына байқаушылар мен қонақтар ретінде:
а) Тараптар болып табылмайтын парламенттердің;
б) халықаралық парламенттік және өзге де ұйымдардың;
в) қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақыра алады.
2. Болжанып отырған байқаушылар мен қонақтардың тізімін Ассамблея кеңесі мүшелерінің бастамашылығы бойынша немесе байқаушы не қонақ ретінде отырысқа қатысуға ниет білдіруші ұйымдардың өтініші бойынша Бас Хатшы жасайды, бұл туралы Келісімнің барлық Тараптарына алдын ала хабарлайды. Отырыс өткізетін ел парламентінің келісімімен ТүркПА Бас Хатшысы басқа елдердің парламенттерінің бас хатшыларын (аппараттарының басшыларын), ТүркПА-мен ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың бас хатшыларын, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Ассамблеяның ашық отырыстарына қонақ ретінде қатысуға шақыра алады.
3. Қатысушы ел немесе Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын ел тарапынан ұсыныстар мен шақырулар болған жағдайда, Ассамблеяға қатысушы елдер парламенттерінің депутаттарынан және ТүркПА хатшылығының мүшелерінен тұратын халықаралық байқаушы топтар тиісті сайлаудың барысын байқай алады.
4. Байқаушы делегациялардың тізімін жасауды, оларды қатысушы елдер арасында тең бөлуді, сондай-ақ қатысушы елдердің парламенттеріне сайлау өткізетін елдің атынан шақырту жіберуді ТүркПА хатшылығы жүзеге асырады.
5. ТүркПА хатшылығы халықаралық байқаушылар топтарының келу бағдарламасын сайлау өткізілетін ел парламентімен бірлесіп дайындайды.
6. ТүркПА делегациясының құрамына енгізілген байқаушы делегациялар мүшелерінің жол жүру шығыстарын өздері өкілдері болып отырған елдердің парламенттері төлейді.
7. ТүркПА Бас Хатшысының ұсынысы бойынша және Ассамблея кеңесінің келісімімен ТүркПА халықаралық байқаушылар тобы Ассамблеямен ынтымақтастықтағы басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, қатысушы елдердегі және Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын елдердегі сайлаудың барысын байқай алады.

24-бап
1. Осы Регламенттің 23-бабы 1-тармағының а) тармақшасында аталған байқаушылар мен қонақтарға Төрағалық етуші өзі орынды деп тапқан кезектілік пен уақытта сөз бере алады.
2. Өзге байқаушылар мен қонақтарға Келісім Тараптарының бірінің өтініші бойынша немесе Төрағалық етушінің ұсынысы бойынша сөз берілуі мүмкін.

25-бап
1. Төрағалық етуші парламенттік делегацияларға Ассамблея отырысына шақырылған байқаушылар мен қонақтар туралы хабарлайды.
2. Байқаушылар мен қонақтардың Ассамблея жұмысына кедергі жасауға құқығы жоқ, оны құптау немесе құптамаудан қалыс қалуға, белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.

ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗУ

26-бап
1. Осы Регламентке өзгерістер мен толықтырулар Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Ассамблеяның жалпы отырысында енгізіледі.
2. Осы Регламент қабылданған кезден бастап қолданысқа енгізіледі.
ТҮРКПА-ның Кезекті Төрағалығы
ТҮРКПА-ның іс басындағы Төрағасы
Хабарландырулар