Tuesday, 23 January 2018, 16:07:35 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
«Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі»,-халықаралық парламенттік конференциясы

Астана. 27 қараша Мәжіліс үйі. Бүгін Астанада Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Сыртқы Істер министрлігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі»,-халықаралық парламенттік конференциясы өтті.

Форум жұмысына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қатысып, алғы сөз арнады. Онда Палата Спикері Бұл конференция тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтетін дәстүрлі және өте маңызды шара екенін, өйткені біздің еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар, тек қана Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты екенін атап өтті. Елбасының «Мәңгілік ел» жолындағы дана саясатының арқасында кең байтақ қазақ жері татулықтың үлгісіне айналып, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Осы жолда Парламент әрқашанда Елбасының сенімді тірегі болып келеді. Енді егемен еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол Қазақстанның Үшінші жаңғыруы. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін заман талабына сай өсудің басты бағыты, сонымен бірге, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің кепілі,-деді Н. Нығматулин.

Одан әрі сөз алған еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тәуелсіздік алған жылдардан бергі, соның ішінде халықаралық және әлемдік деңгейдегі жетістіктерге айрықша назар аудара келіп, оның барлығы көпұлтты Қазақстан xалқы мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі екенін айтты.

Форумға арнайы келген Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверов биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынасына 25 жыл толғанын, бүгінде екі ел сенімді дос, стратегиялық серіктеске айналғанын атап өтті. Бұл қос ел Президенттерінің бір-бірімен үндес сындарлы көзқарасының нәтижесі екендігіне және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге дәл осы қазақ жерінде қол қойылғанына айрықша назар аударды.

Ал, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы төрағасының орынбасары Ахмет Айдын Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар терең мәдени әрі бауырластық қарым-қатынасқа негізделгенін, екі ел президенттерінің жиі қарым-қатынасы қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың тереңдігін көрсететінін сөз етті.

Мажарстан мемлекеттік жиналысы төрағасының орынбасары Тамаш Шнейдер, - бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен өңірлерде де болдым. Маған xалықтың көңіл күйі мен ертеңге деген сенімі ұнайды. Бұл – әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың 27 жылдағы еңбегі. Кеңес Одағы ыдыраған тұста

xалықты біріктіріп, осы жылдар ішінде елді ғана емес, xалықтың санасын жаңғыртудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бүгінде әлемдік қауымдастық танып, біліп, қолдап та отыр,-деді.

Маңызды шарада сондай-ақ, Болгария Республикасы Халық Жиналысы төрағасының орынбасары Валери Жаблянов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі Төрағасының орынбасары Валех Алескеров, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура сөз алып, біздің еліміздің өзгеге ұқсамайтын өзіндік жаңғыру үлгісіне жан-жақты пікір білдірді. Конференцияға сондай-ақ, шетелдік парламенттер депутаттары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар, дипломатиялық корпус мүшелері, Парламент депутаттары, басқа да құзырлы орган өкілдері қатысты.

Айта кетейік, конференция барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Мәселен, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен кездесуде Мәжіліс Спикері әріптесін «Единая Россия» фракциясының жетекшілігіне сайлануымен құттықтап, бұл қазақстандық-ресейлік, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастыққа тың серпін беретіндігіне сенім білдірді. Тараптар екі елде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде, тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды. Одан әрі Нұрлан Нығматулин Түркиядан, Мажарстаннан, Болгариядан, Әзербайжаннан келген әріптестерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

Форум жұмысы тәуліктің екінші жартысында екі сессия бойынша жалғасты. Біріншісі, Инновациялар. Цифрландыру. «Жасыл экономика» - жаңа экономикалық даму үлгісінің драйверлері, ал екіншісі Қоғамдық сананы жаңғырту – жалпыұлттық табыстың факторы деп аталды.

Дереккөз: www.parlam.kz