Saturday, 25 November 2017, 15:34:29 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
Баку-Тбилиси-Карс темір жолы ашылды

Баку-Тбилиси-Карс темір жолы 2017 жылдың 30 қазанында Әзербайжанның Әләт теңіз портында ресми ашылды.

Әзербайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев жұбайы Меһрибан Әлиевамен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған жұбайы Емине Ердоғанмен, Грузия Республикасының премьер-министрі Георгий Квиркашвили, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстан мен Тәжікстаннан келген ресми делегациялар ашылу салтанатына қатысты.

Президент Илһам Әлиев өз сөзінде Баку-Тбилиси-Карс темір жолының Евразия кеңістігіндегі тың жоба әрі ежелгі Жібек жолының темір жол магистралі арқылы жаңғыру екенін тілге тиек етті. Ол, сондай-ақ, темір жолдың жобаға қатысы бар үш ел үшін ғана емес, Түрікменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан және де Ауғанстан үшін де пайдалы болатынын, олар үшін Европа және әлем рыногына өткел болатынын айтты. Бастапқы кезде темір жол желісі жылына 1 миллион жүргінші және 6.5 миллион тонна жүк тасымалдайтын болады. Кейіннен оның қауқары жылына 3 млн жүргінші мен 17 млн тонна жүкке жететін болады.

Темір жол аймақтағы туризмнің дамуына мықты серпін беретін болады. Темір жолдың ашылуы аймақтағы тұрақтылықтың орнықты болуына қосылған үлкен үлес. Осы үлестің негізінде Әзербайжан, Грузия және Түркия арасындағы мызғымас достық пен бауырластық жатыр, деді Әзербайжан басшысы.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Грузия Республикасының премьер-министрі Георгий Квиркашвили, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов ашылу рәсімінде сөз сөйледі.

Ашылу салтанаты кезінде мемлекет және үкімет басшылары Баку-Тбилиси-Карс темір жолының соңғы шегелерін қағып, жолды ашу жабдығын іске қосты.

ТүркПА Бас хатшысы Ж.Асанов ашылу салтанатына қатысты.