Tuesday, 19 December 2017, 00:11:14 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
Нарын – Қырғызстанның таулы өлкесі

Нарын облысының аумағы Қырғыз Республикасының ширек бөлігін алып жатыр және бұл өңір Памир – Алатау тау сілемінің биік қыраттарында орналасқан.

Аймақ өзінің су және гидроэнергетика ресурстарымен әйгілі, сондай-ақ бұнда темір рудасы мен көмірдің мол көздері орналасқан. Жақсы дамыған мал шаруашылығы елдің астаналы өңірі мен көрші елдерге ет пен сүт өнімдерін жеткізеді.

Нарын облысында Ұлы жібек жолының қайталанбас архитектуралық жәдігері, ХV ғасырда теңіз деңгейінен 3500 метрден жоғары биіктікте таудың тақта тастарынан салынған Таш Рабат керуен сарайы бар.

2017 жылғы 19-20 қыркүйекте құрамында ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов, бас хатшының орынбасары Алтынбек Мамаюсупов және комиссия хатшысы Қанатбек Құрманбеков бар ТүркПА делегациясы Нарын облысында жұмыс сапарымен болды. ТүркПА делегациясы облыстағы Қырғызстан үкіметінің өкілетті өкілі (облыс әкімі) Аманбай Қайыповпен және Нарын қаласының мэрі Эмилбек Алымқұловпен кездесіп сұхбаттасты. ТүркПА бас хатшысы Ж.Асанов ТүркПА-ның мақсаттары мен міндеттері және ұйымның қазіргі атқарып жатқан шаруалары жайлы айтып берді. Тараптар өзара әрекеттестік мүмкін тұстарды талқылады.

Нарын мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде ТүркПА бас хатшысы Ж.Асанов ТүркПА-ның өз істерін БҰҰ принциптері мен нормаларынан еш ауытқымай атқарып жатқанын, түркі ынтымақтастығы институттарының жұмысының аймақтағы мемлекетаралық құрылымдардың жұмысына қайшы келмейтінін, керісінше оларды толықтыратынын айтты. Ол Қырғызстанның соңғы жетістіктерімен және ортақ түркі мирасының құрамдас бөлігі болып табылатын бай қырғыз мәдениетімен ТүркПА-ның мақтанатынын тілге тиек етті. ТүркПА бас хатшысы университет ректоры Дамира Омуралиеваға жылы қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

ТүркПА делегациясы, сондай-ақ, Таш Рабат тарихи-архитектуралық кешені мен Нарын музыкалық училищесінде болды.