Saturday, 25 November 2017, 02:16:30 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесін жабық деп жариялады

АСТАНА. 10.09.2017 ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы өз сөзінде ЭКСПО көрмесінің жоғары деңгейде өткенін және Қазақстанның туристік танымалдылығын арттыруға оң ықпал еткенін ерекше атап өтті.

«Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан «ЭКСПО» шағын қалашығына айналды. Бұл Көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. ЭКСПО-2017 көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді, олардың 2/3 бөлігі жастар мен оқушылар еді. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдаған адам келіп тұрды. Көрмеге 180 елден жарты миллионнан астам адам келіп, тамашалады. Осы орайда, әрбір алтыншы адамның шетелдік болғанын атап өткім келеді. ЭКСПО-ның ең танымал орталығы Қазақстанның павильоны «Нұр Әлем» болды. Көрме басталғаннан бері бұл павильонға 1 млн 300 мыңнан астам адам кіріп-шықты. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатына арналған мультимедиялық шоу өтті. Салтанатты кеште келтірілген деректерге сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің 180-ге жуық елінен 4 миллионға жуық адам келген. Көрме павильондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. Мұнда 3500-ден астам мәдени ұйымдастырылып, 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліп, 88 жігіт өз сүйіктілеріне ұсыныс білдірген. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырған.

Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымында басталған болатын. Ондағы «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергетика саласының қазіргі жаһандық мәселелерін қамтиды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты.

ЭКСПО-2017 аумағындағы Амфитеатрда Қазақстанның эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы өтіп жатыр.

Көрме 11 қыркүйек күні түнгі 03:00-те толығымен жабылады.