Sunday, 20 August 2017, 04:16:25 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
Түркістан Түркі әлемінің астанасы атанды

Түркістан қаласында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланды.

Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы өтті.

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтер сынды әр елдің жоғары лауазымды ресми өкілдері бар.

Мерекелік іс-шараға келген меймандар, ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонда болды. Мұнан соң, меймандар Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты.

Салтанатты жиыннда сөйлеген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанды Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

«Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Осы ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. ТҮРКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды», - деді облыс басшысы.

Тарихи шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналистке тапсырылып, мереке жалғасы әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар - Арыстан баб, Ясауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті. Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда Ұлттық киімдегі аттылы жаршылар «Наурыз» келгені жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты.

Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30 ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Салтанатты жиында Түркітілдес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған үндеуі қабылданды.

«Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында, наурыз мерекесіне орай, Түркістан қаласында Түркі әлемінің «Наурыз» Халықаралық ақындар айтысы мен Түркі әлемінің «Бұраң бел» би фестивалі өтеді.

Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақыштағы киіз үй әбзелдерімен әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Дастарханға ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, наурыз көже, құрт, ірімшік, сірне, қаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді астар қойылды.

Наурыз мерекесінде 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 л Наурыз көже үлестірілді. Бұдан бөлек, келушілер ежелгі қазақ ауылында қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралары мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашаласа, жастар жағы алты бақанда сайран салды.

Мәртебелі меймандар әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұйымдастырған тұсау кесер рәсіміне қатысса, өңір басшысы Ж.Түймебаев, ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновтер түркістандық балдырғанның тұсауын кесті.

Түркі тілдес елдерден келген меймандар Түркістанда өткен осынау «жаңару» күніндегі торқалы тойдан ерекше әсер алып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мағынасы тереңде жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында осы күні Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, шараға келген қонақтармен облыс әкімінің кездесуі жоспарланған.

Іс-шара соңы түркі тілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдарының Гала-концертімен жалғасты.

www.egemen.kz