Monday, 18 December 2017, 20:22:39 — Baku (UTC+4)
Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясы
4-інші Баку форумы өзінің бір жиынын түркі ынтымақтастығына арнады

«Мәдениеттер арасындағы диалогты ілгерілету: адамзат қауіпсіздігі, бейбітшілік пен тұрлаулы даму үшін жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыппен сәуірдің 6-7-інде Баку қаласындағы Г.Әлиев орталығында өткен Мәдениеттер арасындағы диалог бойынша 4-інші дүниежүзілік форум өзінің бір сессиясын түркі әрекеттестігіне арнады. «Мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысындағы түркі мұрасы» атты дөңгелек столды Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырып, жиынды осы қор төрайымы Гүнай Әфәндиева жүргізіп отырды.

ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов өз сөзінде ТүркПА-ға мүше елдердің өркениеттер арасындағы диалогты өрістетудегі талпыныстарын баяндады. Мысалы үшін, Әзербайжан Бірінші Европа ойындары мен БҰҰ өркениеттер альянсының 7-інші форумын ұйымдастырды; Қазақстан 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезін өткізіп келеді, биыл Астанада дүние жүзіндегі орнықты даму мен өркендеудің факторларының бірі болып саналатын балама және жаңаратын энергия көздерін дамытуды көздеген халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді; Қырғызстан түркі және көшпенді мәдениеттің мирасын жаңғырту үшін екі рет дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізді; ал құрлықтар мен цивилизацияларды жалғап тұрған Түркия болса орасан зор көлемдегі босқындарға пана тауып беру үшін арпалысуда.

Жандос Асанов түркітілдес елдер өзара әрекеттестікті өрістете алатын тұстарға көңіл аударды. Мысалы, елдер арасындағы информация ағыны төмен деңгейде қалып отыр. Бұл мәселемен айналысу үшін бір түркі тілінен екінші біріне тілдік аударма мәселелерін ғылыми жолға қойған лазым.

Дөңгелек столда Түркі кеңесі бас хатшысы Рамил Ғасанов, ТүркСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, IRCICA (Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы) бас директоры проф. Халит Ерен, Әзербайжан Ғылым академиясы Шығыстану институты директорының орынбасары Шаһин Мұстафаев, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Кәмила Әлиева мен Ресейден келген профессор Низами Мәммәдовтар да жиында сөз сөйледі.

Түркі ынтымақтастығы институттарының жетекшілері өзара мәслихат құрып, Ж.Асановтың келесі түркі ынтымақтастығы институттарының үйлестіру (координациялық) кездесуін маусым айында Баку қаласында, ТүркПА-ның жаңа әкімшілік кеңсесінде өткізу туралы ұсынысын қолдады.

Бас хатшы Мәдениеттер арасындағы диалог бойынша 4-інші дүниежүзілік форумның жабылу салтанатына қатысты.

ТүркПА Бас хатшысының сөзі