Thursday, 21 September 2017, 10:47:19 — Baku (UTC+4)
Parliamentary Assembly of Turkic Speaking Countries
ТҮРІКСОЙ БАС ХАТШЫСЫ ДҮЙСЕН ҚАСЕЙІНОВ ЖЕТПІСКЕ ТОЛДЫ
10.03.2017 12:00
Түркі дүниесін танытқан тұлға

Түркі дүниесінің кеңдігін, әралуандығын жұрт та, өзіміз де енді түсініп жатырмыз. Тарихтың түрлі тәлкегінің кесірінен бүткіл бір түркі өркениеті мен тарихы көлеңкеде қалып келіпті. Ал оның ұлан-ғайыр кеңістікке жайылған орасан зор, шетсіз де шексіз бай мәдениетін қаншалықты білеміз?


Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің ТүрікСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымына 2008 жылы келуі түркі дүниесіндегі ынтымақтастыққа тың леп әкелді. ТүрікСОЙ ісі жанданды. Ең әуелі, ТүрікСОЙ түркітілдес елдер мен қауымдардың арасында түркі мәдени мұрасын насихаттау ісін мықтап қолға алды. Түркі халықтарының ауыз және жазба әдебиеті, ән-күйі, биі, қолөнері, материалдық және материалдық емес мұрасына қатысты құнды дүниелер күллі әлем алдында паш етіле бастады.

Дүйсен аға келгелі бері Түркі дүниесі мәдени астанасы атты дәстүрдің негізі қаланды. Осының арқасында Астана, Ескішеһир, Қазан, Мары, Шәки, Түркістан қалалары бір-бір жылдан түркі дүниесінің мәдени орталығына айналып, Ұлы түркі цивилизациясының мәдени інжу-маржандары жаһанға танылды, танылуда және таныла бермек.

Дүйсекең құрған түркі халықтарының өнер шеберлерінен құралған ән-би ансамблі дүние жүзінің назарын өзіне аударуда. Нью-Йорк, Париж, Венада өнер көрсеткен бұл ансамбль дүниежүзілік қауымдастықты «түрік» ұғымының ауқымының шетсіз-шексіз екенін, оған түрлі география, нәсіл және дін өкілдері емін-еркін сиып кететін көрсетті.

Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов ТүрікСОЙ-дан бұрын да талай жоғары мемлекеттік жауапты істерді абыроймен атқарған; ұзақ уақыт Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының ректоры болып жұмыс істеген, Қазақстан Мәдениет министрі қызметіне дейін көтерілген.

Қай жерде, қай қызметте істесе де бірегей адами қасиеттерімен, бауырмалдығымен, көпшілдігімен, шебер ұйымдастыру қабілетімен, сондай-ақ, терең білім-парасатымен дараланған Дүйсекеңді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының жетекшілігіне ұсынды. Себебі «Жеті ғасырын білмеген ел – жетесіз» дейтін қазақтың данышпан мақалын көңілге түйген Елбасы түркі халықтарының арасындағы тамыры терең бауырлас қатынастарды қалпына келтіріп, жетілдіруде мәдениет саласының үлкен рөл ойнайтынын түсінген еді. Ал, бұл іске сегіз қырлы, бір сырлы, көпшілік таныған дара тұлға қажет болды...

Жандос Асанов, ТүркПА бас хатшысы